Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Алғашқы жартыжылдықта елімізге келген туристер саны 20 пайызға артқан

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы  Мақсат Қиқымов осы деректерді мәлім етті.

Алғашқы жартыжылдықта елімізге келген туристер саны 20 пайызға артқан

Бүгінде туризм саласы экономиканың қозғаушы күші ретінде халықты жұмыспен қамтамасыз етудің басты көздерінің бірі болып табылады.

Осыған орай Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы  әзірленіп, туризм саласы мамандарының қызу талқысына түскен. Жобаны 2019 жылдың 1 қаңтарында  бекіту  жоспарланып отыр.

Бүгінде  туризм индустриясының жиынтығы әлемдік ЖІӨ-нің 10 пайызын  құрайтын болса, дағдарысты кезінің өзінде туризм жыл сайын 4-5 пайызға өсіп отырады. Бүгінде Қазақстанға келетін туристердің (ішкі туризмді қоса алғанда) 40 пайызын Алматыға келушілер құрайды.

Өткен жылы Алматы әуежайы арқылы 508 мың турист өтсе, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында бұл көрсеткіш 286 мың туристі құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсіп отыр. Еуропа пен Азиядан келетін туристердің 60 пайызын Алматының ерекше табиғаты қызықтыратын көрінеді. Ал туристердің қалған  бөлігі әсем қалаға көңіл көтеру үшін келеді екен.

Бүгінде Алматы экономикасының 87 пайызы  қызмет көрсетудің үлесіне тиесілі десек, қалада туристік бизнес жүргізуге қолайлы  жағдайлар қарастырылған. Алматыда 150-ден астам туризм нысандары, 15,5  мың орындық 180-нен астам қонақ үйлер мен хостелдер, 1300 туристік ұйым, 2000-нан астам жоғары деңгейлі сервис ұсынатын кафе-мейрамханалар жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Биылғы жылы әлемдік деңгейдегі 2 қонақ үй, 50 шақты кафе менмейрамхана  ашу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы 2020 жылға дейін «Туризмді дамытудың 100 қадамы» кешенді қалалық жоспары бағыттары бекітілген.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ